ШАХМАТ ЖӘНЕ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АҚЫЛ-ОЙ СПОРТ ТҮРІ

2014 ЖЫЛДЫҢ ҚАРАША АЙЫНЫҢ 18-ШІ ЖҰЛДЫЗЫ КҮНІ ШАХМАТ ЖӘНЕ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АҚЫЛ-ОЙ СПОРТ ТҮРІ

ОЙЫНДАРЫНАН ФАКУЛЬТЕТІШІЛІК ЖАРЫС ӨТКІЗІЛДІ

 

ШАХМАТ ЖӘНЕ ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ АҚЫЛ-ОЙ СПОРТ ТҮРІ

ОЙЫНДАРЫНАНӨТКІЗІЛГЕН ФАКУЛЬТЕТІШІЛІК ЖАРЫСТА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТЫП, ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛҒАН  ТӨМЕНДЕГІ СТУДЕНТТЕРДІ:

ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!!!

 

Шахмат бойынша:

I -орын: Бейсенбеков Алтынбек 1-курс ФӨТ

II-орын: Жолдыбай Сүндет 3-курс Фармация

III-орын: Сатбаев Дамир 2-курс Фармация

 

Тоғызқұмалақ бойынша:

I -орын: Оралбаева Жанар 3-курс Фармация

II -орын: Әбдіғаппар Айгүл 1-курс ФӨТ

III-орын: Мағзам Ақбота 3-курс Фармация

 

 

Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі «ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу» деп көрсетілген Қазақстан Республикасының тәлім-тәрбие тұжырымдамасында. Тәрбие тіршілігінің дұрыс ұйымдастырылуы жастардың еңбекқор болуы, әр нәрсеге жоғары жауапкершілік сезіммен қарауы, адамды құрметтеу сияқты адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндік туғызады.

Халқымыз сонау ерте заманнан алуан өнердің әр саласына қанатын кең жайып келді. Сол өнер өресін ұрпақтан ұрпаққа аманаттап, бүгінге жеткізіп отыр. Дүниедегі кез келген ұлттың белгілі бір мәдениет үлгісі мен өнері  түрлі тарихи және қоғамдық себептердің салдарынан, өмірге келгенімен, бірақ, солардың барлығының ғасырлардан-ғасырларға ұласып, ұзақ уақыттар бойы адамзат игілігіне жарай беруі тым күрделі құбылыс. Тек осылардың ішінде құны бар, өміршеңдік қуаты күштісі ғана кейігі ұрпақтарға жалыны өшпей, жыл өткен сайын маңызы күшейіп жетеді.Дәл осындай ұлтымыздың өшпес мәдениет үлгісі мен өнер айшығының бірі – тоғызқұмалақ ойыны.  Ол ұлтымыздың атам заманнан бері жалғасып келе жатқан, тамыры тереңге бойлаған дәстүрлі төл мұрасы. Сонымен бірге өресі биік бұқаралық спорт өнері.

Тоғызқұмалақ қазақ даласына қай дәуірден бастап таралып, қанат жайғаны жайында нақты дерек болмағанымен, бірақ оның пайда болу төркіні қысқа ғана уақыттың жемісі емес екені анық. Яғни, оның пайда болуы мен көпке тарауы ұлтымыздың ұзақ уақыт бойы мал шаруашылығын негіз еткен көшпенді тұрмыс тіршілігі мен тығыз байланысты тоғызқұмалақ ойынындағы «құмалақ» атауының өзін алсақ, оның басқа емес малдың, анығырақ айтқанда қой-ешкінің не түйе тектес жануарлардың тезегінің жалпы атауы екендігі баршаға түсінікті. Одан қалса, тоғызқұмалақ ойынындағы «ат», «ат өтпес», «атсыратар», «қойым қоздады» деген атау-терминдердің барлығы мал атауларымен байланысты. Осы тұрғыдан көз жібергенде әуелі бұл ойынның тоғызқұмалақ аталуының себебі, жоғарыда айтып өткен малдардың құмалағынан әрі бұл құмалақтардың тоғыз-тоғыздан бөлініп орналасуынан қалыптасқандығы өздігінен-ақ түсінікті.Деректемелерде тоғызқұмалақ ойыны тек қазақ ұлтының ғана емес, сонымен бірге Орталық Азиядағы басқа да қырғыз, қарақалпақ, Алтай тектес туысқан ұлттар мен халықтар арасында да кең таралғандығы сипатталады.

Тоғызқұмалақ ойыны кезінде кең байтақ сахарадағы көптеген түркі тілдес көшпелі ұлттар мен тайпалардың көңіл көтеретін, ортақ мәдени ойыны болған. Сол заманда кеш бата ауыл маңындағы төбешіктерде әңгіме-дүкен құратын ақсақалдар, ауыл аралап сайран салатын сал-серілер, иен далада әредікте бастары қосылған малшылар, тоғызқұмалақтың отаулары мен қазанын жерден қазып, қой-ешкінің құмалағынан, немесе ұсақ тастарды жүріске пайдаланып ойнаудан, бірте-бірте арнайы тақтада ойылып, ойын ойнаған сайын күрделеніп, ғылыми жүйеге түсіп, ақыры өнердің биік өресіне көтерілді.Тоғызқұмалақ ойыны ұзақ уақыттар бойы қазақ даласында кең таралып, жалпыласып, жалпылық сипат тапқан халықтық қазына. Ал, міне бүгінгі таңда осы ұлттық ойынымыз әлемдік деңгейге көтеріліп, жас ұрпақты зияткерлікке, ойлау қабілеттерін арттыруға, жан-жақты ой-өресін жетілдіруге ерекше маңызға ие болып отырғаны, сондай-ақ әлем елдерінің де тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылығы ұлттық ойынымыздың бағын жандырып, елімізді, ұлтымызды әлемге әйгілей бастады.

Тоғызқұмалақ біздің ұлттық құндылығымыз, асыл мұрамыз. Біз тоғызқұмалақтың мәдени мұра ғана емес, жастардың зердесін, ойлау жүйесін жетілдірудегі маңызды зияткерлік спорттық  ойын түрі екенін атап өтуіміз керек. Міне, бұл – тоғызқұмалақ ойынының басты ерекшелігі. Басқа спорттық ойындардан айырмашылығы – бұл ақыл-ой ойыны. Дамуы, насихатталуы жайында айтар болсақ; қазіргі ақпараттық технологиялар заманында келешек ұрпақтың тек мектеп пәндері арқылы ғана емес, осындай ұлттық ойындарымыз арқылы өзінің ойлау қабілеті мен зердесін дамыта білуі зор жетістік болар еді. Әрине, тағы бір ерекшелік, қазіргі жаһандану заманында біз өзіміздің мәдени ерекшеліктерімізді сақтап қалу үшін де мәдени мұраларымызды жаңғыртуымыз қажет.

Тоғызқұмалақ Қазақстанда кеңінен қанат жайып, қазіргі таңда елде шұғылданушылардың саны  100 мың адамға жақындады. Жылына 40-қа жуықреспубликалықжарысөткізіледі.

Тоғызқұмалақ қауымдастығының өзіндік сайты www.9kumalak.kz арқылы осы жарыстардың күнтізбелік жоспарымен танысуға болады. Сонымен қатар 2008 жылдың маусым айының басында  Орал қаласында халықаралық қауымдастық құру туралы шешім қабылдадық. Оның атқару алқасының мүшелігіне  Қытай, Қырғызстан, Монғолия, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Түркмения, Чехия   және Қазақстан делегаттары енді.
Биыл 2009 жылдың 19-26 қазан аралығында Шымкент қаласында Азияның тұңғыш чемпионаты өтті. 2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткен Түркі тілдес халықтардың жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан семинар өткізілді. Тоғызқұмалақ үш рет 2006 жылы – Лондонда, 2008 және 2009 жылдары Чехияда дүниежүзілік зияткерлік  олимпиаданың бағдарламасына енді. 2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны тіркеліп, www.iggamecenter.com сайтында тоғызқұмалақтың он-лайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалды. Қазіргі кезде тоғызқұмалақ әлемнің біраз елдерінде таралуда. Ол тек түркі тілдес халықтар ғана емес, Еуропаның Англия, Испания, Германия, Чехия, Франция сияқты мемлекеттерінде де насихатталуда. Біз әлі де болса, тоғызқұмалақты жан-жақты дамытуға үлес қосуымыз керек. Осындай насихаттаудың жемісі, «Фармацевт-токсиколог» модулінің ұйымдастыруымен қараша айының 18-ші жұлдызындашахмат және тоғызқұмалақ – ұлтымыздың ақыл-ой спорт түріойындарынан факультетішілік жарыс өткізілді.Модулдің турнирді ұйымдастырудағы мақсаты факультет ішілік турнир өткізу арқылы шахмат және тоғызқұмалақ ойындарынан факультет құрамасын құру және ұйымдастыру, дарынды студенттерді іріктеу, логикалық ойлауды және ұшқыр білімді қажет ететін осы ойын түрлерін дәріптеу, студенттік өмірді қызықты ете түсу және болашақ мамандарды уақытты тиімді пайдалануға, пайдалы әдеттер бағытына бет бұруға тәрбиелеу болып табылады. Турнирдің нәтижесіне, жүлделі орынға ие болған студеттер дипломмен марапатталды.

 

Ұйымдастырушылар: «Фармацевт-токсиколог» модулінің ұжымы және фармацевтика факультеті