Қазақстан халықтар тілдер мерекесіне арналған тіл фестивалі

Ағымдағы жылдың 20 — қыркүйегінде Қазақстан халықтарының тілдер мерекесіне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы, Алматы қаласы әкімінің аппараты Достық үйінде «Қазақстаным –ортақ шаңырағым» атты фестивалін өткізді.

Мемлекеттік тіл мен елімізде тұрып жатқан этностардың мәдениетіне, тіліне құрметпенқарап, алуан этностық топтардың тілдік білімін арттыруға ықпал ететін бұл мерекенің алар орны ерекше. Жыл сайын мерекеленетін айтулы мереке жастар арасында мәдени қарым-қатынас дағдылары мен қолданыстағы білімін, жеке тұлғаның шығармашылық қабілетін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Фестиваль жұмысына Қазақстан халықтар Ассамблеясы кеңесінің мүшелері, Алматы қаласы мәслихатының мүшелері, «Нұр Отан» партиясының Медеу аудандық филиалының өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, жексенбілік мектеп тыңдаушылары мен мұғалімдері, БАҚ өкілдері, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың қазақ тілі кафедрасының оқытушылары Г.С.Қуанышбаева, Н.Ә.Төлеева, А.Қ. Серікқалиева,  жалпы медицина факультетінің студенттері Саид Себер Димрал, Абижипулла Виниша қатысты.

Тіл фестивалін құттықтау сөздерімен ашқан қоғам қайраткері Асылы Осман, Князь Мирзоев, Даниэль Джеймс, Марселе Каметэ, Крис Блэк өз сөздерінде аталған мерекенің тәуелсіз еліміз үшін мәні зор екендігіне баса назар аударып, Қазақстанда – бір шаңырақ астында тұрып жатқан бірнеше ұлт өкілдерінің татулығын, бірлігін, ынтымағын атап көрсетті.

Университетіміздің студенттері де фестивальге белсенділікпен қатысты. Саид Сабер Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін тебірене оқып, Қазақстан арнасына қазақ тілінде сұхбат берді, ал Виниша мың бұралып үнді биін биледі. Өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, кеш соңында сертификатпен және сыйлықтармен марапатталды.