ҰМЫЛЫМАС КЕЗДЕСУЛЕР

ҰМЫЛЫМАС КЕЗДЕСУЛЕР

27.02.2015 ж. сағ. 14.30 -16.00 «Даңқ Залында» Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Қазақ тілі кафедрасы, Фармацевтика факультеті, ӘТЖДБ және Әскери кафедраның ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы туралы 3 кітап жазған жазушы Мамытбек Қалдыбаймен кездесу-кеш өткізілді. Сондай-ақ әдеби кешке Латын тілі модулі, Молекулалық биология кафедрасы, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы мен Фармацевт-токсиколог модулінің оқытушылары да қатысты.

Кеш тізігінін қолына алған қазақ тілі кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаев әдеби кештің мақсаты, тәрбиелік мәні туралы қысқаша айтып өтіп, сөз кезегін С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Әскери кафедрасының оқытушысы 1-дәрежелі капитан Байғабылов Ермек Болатұлына берді. Ол «Тактика Б.Момышулы» атты баяндамасында халқымыздың даңқты ұлының қазіргі соғыс тәсіліне енгізген жаңалықтарын ашып көрсетті.

Бауыржан атамыздай дана адамның қасында 20 жылдай бірге болып, оның үлгі-өнегесін алған жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Мамытбек Қалдыбай қазақтың қайсар ұлының өнегелі өмірі туралы қызықты естеліктер айтты. Кешке қатысқан Кәсіби тілдерді дамыту оқу департаментінің директоры К.А.Булыгин, ӘТЖДБ қызметкері С.Б.Әсембеков, кафедралар мен модульдердің оқытушылары, орыс және қазақ топтарының студенттері жазушының естелік әңгімелерін ықыласпен тыңдады.

Кештің екінші бөлімінде стоматология факультеті 1-курс студенті Төребеков Нұрлан Құрманғазының күйі «Адайды» тартып студенттерді бір серпілтіп тастаса, орыс тілі кафедрасының аға оқытушысы З.Қ.Көкенова студенттері жазушы Ш.Мұртазаның «41 жылғы келіншек» повесінен сахналық көрініс қойды. Сұрапыл соғыстың қазақ әйелінің тағдырына тигізген зардабы туралы бұл көріністі жалпы медицина факультеті 1-курсының студенті А Аубакирова, Н.Өмірзақ өте шебер ойнап шықты. Ал қоғамдық денсаулық сақтау факультетінің бірінші курс студенті Б.Нүсіпханов даңқты, қолбасшы Бауыржан атамызға арнап шығарған өлеңін оқыды.

Әдеби кешті «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы профессор Құлмамбет Исатай Әзімұлы қорытындылап, жазушыға осы әдеби кешке келіп, халқымыздың біртуар перзенті Б.Момышұлы туралы айтқан мазмұнды әңгімесі үшін алғыс айтты.

Кешті ұйымдастыруға Фармацевтика факультетінің деканы, профессор Ұ.М.Датхаев, Фармацевт-токсиколог модулінің оқытушысы Г.А.Алдиьекова , Молекулалық биология кафдрасының оқытушылары Г.Т.Танеева, Ә.Қ.Қыдырбаева және Қазақ тілі кафедрасының оқытушылары Б.Н.Канленова, Қ.С.Бурахановалар белсене ат салысты.

Іс-шараның соңында қатысқан студенттер мен оқытушылар қонағымыз жазушы Мамытбек Қалдыбаймен естелікке суретке түсіп, бірге алып келген кітаптарымен танысып, жазушының қолтаңбасын қойдыртып алды.

Жас ұрпақтың бойына Отансүйгіштік қасиетті қалыптастыратын «Ұмытылмас кездесулер» деп аталатын бұл кездесу-кеш жоғары деңгейде өтті деген қорытынды жасауға болады.

Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, доцент Абдуллина Зәуреш Әбдірахметқызы.