ҚР Ұлттық кітапханасында қоғам қайраткері, дәрігер, «Алаш» қозғалысының белді мүшесі Сейітов Асылбек Жұманұлының туғанына 125 толуына орай еске алу кеші өтті

2019 жыл 5 сәуір күні ҚР Ұлттық кітапханасында қоғам қайраткері, дәрігер, «Алаш» қозғалысының белді мүшесі Сейітов Асылбек Жұманұлының туғанына 125 толуына орай еске алу кеші және Оразгүл Мұхатованың «Асылбек Сейітов – Тарихта қалған із» атты монографиялық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес, жазушы, ғалым Бейбіт Қойшыбаев, Алаш қозғалысының қайраткері Асылбек Жұманұлы Сейітовтің қызы Клара Асылбекқызы Сейітова, Этикалық Кеңестің Төрағасы, профессор Жанар Ғабиденқызы Мұстафина, Дина Мұхамедханова, Ұлттық медицина университетінің атынан Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушылары Доскалиева Меруерт пен Мәлік Ғалым, ғылыми кітапхананың Анықтама-библиография бөлімінің меңгерушісі Елеукенова Салтанат және Фармация мен Стоматология мектептерінің студенттері қатысты.

Ғарифолла Әнес іс-шараың модераторы бола отырып Алаш қозғалысының қайраткерлері жайындағы ойымен бөлісіп, Асылбек Сейітовтің өмірі мен халқының өркендеуіне қосқан мол үлесін атап өтті. Қоғам қайраткерлерінің қиын-қыстау кезеңде еліне сіңірген еңбектері кеңінен талқыланды.

Осы тұсауын кескен монографияның авторы, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінің оқытушысы Оразгүл Мұхатова Асылбек Сейітов негізін қалаған №5 емхананың алдынан ескерткіш орнату туралы ұсынысын ортаға салды. «Халық жауы» деп атылған Асылбек Сейітовтің туған-туыстары да қуғын-сүргінге ұшыраған. Сондықтан қайраткердің еңбектері мен өмірі туралы тарихи деректерді жинау осы уақытқа дейін мүмкін болмағанын айтты.

Этикалық Кеңестің Төрағасы, профессор Жанар Ғабиденқызы Алаштықтардың жоғарғы рухани байлығы және адам сөзбен жеткізе алмайтындай тұлғалығы жайында сөз еттіп Кеңес Одағында олар жайлы тіпті ойлаудың өзі қауіпті болғандығын айтты.

Іс-шараға елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, жазушылар, оқытушылар, студенттер, оқырмандар және Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Олардың көпшілікгі Алаш қайраткерлерін еске алуға бағытталған осындай игі шаралардың алдағы уақытта да жалғасын тауып, есімдері кеңінен насихатталса, осындай іс-шаралар жиі өткізілсе деген ізгі ниеттерін білдірді.

Еске алу кешінің соңында сөз алған Сейітов Асылбек Жұманұлының қызы Клара Асылбекқызы әкесі туралы жан тебірентерлік естеліктерімен бөлісіп, кітаптың шығуы мен шараны ұйымдастыруға ат салысқан азаматтарға мол алғысын білдірді.

Іс-шара аясында Ұлттық кітапxанасының қорынан Асылбек Сейітовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Асылбек Сейітов» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.